Іздестіру формасы

Миссионерлік қызмет

Дата размещения: 26.08.2017
Дата последнего обновления: 18.09.2017

Миссионерлік (латын тілінен  missio — тапсыру, аманат ету деген мағынаны береді) – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі.

Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құжаттар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады.

Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

Миссионерлер тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін; 
2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшті;
3) дiни бiрлестiктің атынан миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатты; 
4) өкілі миссионер болып табылатын діни бірлестікті Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оның жарғысының көшірмесін;
5) миссионерлік қызметке арналған діни әдебиетті, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды ұсынады. 

Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретінде тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне қосымша мынадай құжаттарды: 
1) миссионер оның атынан өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендiгiн куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын ұсынады.
Шет мемлекеттер берген құжаттардың қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.

Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сондай-ақ, егер оның миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандығына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады.

Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жол беріледі. 
Миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.

"Діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №137 қаулысы

(15.08.2015 ж. жағдай бойынша)